Бразилияда дауылдан кейін миллионнан астам адам жарықсыз қалды

АСТАНА. KAZINFORM - Сәрсенбіге қараған түні Бразилияның Риу-Гранди-ду-Сул штатында болған күшті циклонның салдарынан 1,1 миллионнан астам электр тұтынушысы зардап шекті, бір адам қаза тауып, 12-сі жарақат алды, деп хабарлайды РИА Новости. 

Фото: ria.ru

«Нөсер жаңбыр мен жел, бұршақ, найзағай салдарынан 1,1 млн-ға жуық тұтынушы жарықсыз қалды», - делінген материалда.

Штат үкіметінің ақпаратына сәйкес, дауыл Порту-Алегридегі Кашуэйринья муниципалитетінде бір адамның өліміне себеп болды - ер адамның үстіне ғимарат шатыры құлаған.

Кейбір муниципалитеттерде соңғы тәулікте 100 миллиметрден астам жаңбыр жауып, жел екпіні сағатына 100 километрден асқан. Штаттың азаматтық қорғаныс қызметінің хабарлауынша, 4840 адам зардап шегіп, 12 адам жарақат алды, 48 тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Осы уақытқа дейін Риу-Гранди-ду-Сулдың 39 муниципалитеті зақым келгені немесе өзге де оқиғалар туралы хабарлады.

Құтқарушылар өңірде тағы да жаңбыр жауып, дауыл соғатынын ескертті.