Бразилияда есірткіге қарсы операция кезінде 120-дан астам адам қаза тапты

Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM — Рио-де-Жанейро қаласында есірткі мафиясына қарсы жүргізілген ауқымды рейд барысында 100-ден астам адам қаза тапты, деп хабарлайды DW.

Басылымның мәліметінше, бұл – ел тарихындағы ең қанқұйлы полицейлік операция. Бразилия билігі 119 адамның көз жұмғанын растады, алайда адвокаттардың дерегі бойынша, қаза тапқандар саны 130-дан асады.

«Қызыл команда» деп аталатын бандаға қарсы рейдтер 28–29 қазан күндері қаланың солтүстігіндегі Алемао және Пенья фавелаларында өткен. Арнайы операцияға шамамен 2,5 мың құқық қорғау қызметкері жұмылдырылған.

Рио-де-Жанейро әкімшілігінің хабарлауынша, операция барысында 118 атыс қаруы, соның ішінде автоматтар мен жарылғыш заттар тәркіленген. 113 адам, оның ішінде 10 жасөспірім ұсталған.

Айта кетейік, келесі аптада Бразилияның бұл мегаполисінде БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясы аясындағы іс-шаралар өтпек.

Бразилияның әділет министрі Рикардо Левандовски қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, ел президенті Луис Инасиу Лула да Силваның да «құрбандардың көптігіне қатты күйінгенін» жеткізді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те полиция рейдтері салдарынан болған адам өліміне байланысты қатты алаңдаушылық білдірді. Ол Бразилия билігін адам құқықтарын сақтауға және оқиғаны мұқият тергеуге шақырды.

Рейдті ондаған халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде Amnesty International ұйымы да айыптады. Ал AFP агенттігіне сұхбат берген жергілікті тұрғындар мен адвокаттар кейбір ұсталғандардың басына оқ атып, өлтірілгенін айтқан.

Еске сала кетсек, АҚШ әскері Тынық мұхитында есірткі тасыған төрт кемеге соққы жасағанын жаздық