Бразилияда тәрбиеленіп жатқан қазақстандық футболшылардың жетістігі көңіл марқайтады - Маурисио Пенья

АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Бразилияның «Оle Brasil F.C.» футбол академиясының Президенті Маурисио Пенья мен аталмыш академияның директорлар кеңесінің төрағасы Эдуардо Занелло бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу барысында олар журналистермен «Оle Brasil F.C.» футбол академиясында тәлім алып жатқан қазақстандық футболшылардың жағдайы жөнінде әңгімелеп берді. Академия басшыларының сөздеріне қарағанда, қазақстандық спортшылар Бразилиядағы ең үздік деген жеке оқу орындарының бірінде бір жағы білім алып, бір жағынан футбол ойынының қыр-сырын меңгеруде. Сонымен қатар олар онда португал тілін де үйреніп жүр. Ал футбол ойынын меңгеру жағынан қол жеткізген жетістіктері қазірдің өзінде көңіл қуантады. Қазақстан командасы онда Сан Пауло штатында өткен чемпионатқа қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінген. «Сондай-ақ олар «Copa Paulista» турниріне қатысып, оны да жеңіп алған. Командааралық кездесуде 4 ойын ойналып, оның төртеуінде де қазақстандықтар қарсыластарынан басым түсті. Олардың алғашқы ірі жеңістеріне арналып, жарыста Қазақстан әнұраны орындалды», дейді академия басшылары. Олардың айтуларынша, футбол мамандары академияда тәрбиеленіп жатқан 26 спортшының ішінде Павлодар облысынан келген Тимур Бахриден мен Алматы облысынан аттанған Берік Шайховтың жетістіктерін ерекше бағалап отырған көрінеді. Осыған орай олар академияның басты командасында өнер көрсетіп жүр. Естеріңізге сала кетейік, Бразилия мен Қазақстан арасындағы футболды дамыту бағытында бірлескен қимылдар жөніндегі келісімдер 2007 жылы Елбасының Бразилияға сапары барысында көтерілген. Осыған орай еліміздің Туризм және спорт министрлігі қазақстандық спортшылардың Бразилия мектептерінде білім алуы жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұдан соң, яғни 2008 жылы қазақстандық тарап, «Оle Brasil F.C.» футбол академиясында болып, онда арнайы келісім жасады. Оның талаптары бойынша Бразилия Қазақстанның 26 спортшысы мен екі жаттықтырушысын және 1 тәрбиешіні өздерінің клубтарына қабылдайды.