Бразилияда толассыз жауған жаңбыр 7 адамның өмірін қиды, төртеуі із-түзсіз жоғалған

РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат – Бразилияның Рио-де-Жанейро штатында толассыз жауған жаңбыр салдарынан кемінде жеті адам қаза тауып, төрт адам із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы дүйсенбі күні Globo телеарнасы хабарлады.

Ақпан айында жауған жаңбырдың салдарынан 230-дан астам адам қаза тапқан таулы Петрополис қаласында құтқарушылар апаттан зардап шеккен тағы бес адамның денесін тапты. Префектураның мәліметі бойынша, қаланың әртүрлі бөліктерінде жексенбі күні небәрі 12 сағаттың ішінде 307-ден 370 мм-ге дейін жауын жауған. Ал ақпандағы қайғылы күні Петрополисте 260 мм жауын жауды. Оқиға орнына құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр.

Рио-де-Жанейро штатының оңтүстік жағалауындағы Ангра-дус-Рейс курорттық қаласында тағы екі адам қаза тапты.