21:21, 26 Қазан 2013
Бразилияда жоғары тарифтердің салдарынан наразы топ автовокзалда ойран салды
АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы автовокзалында бірнеше жүздеген наразылық білдірушілер ойран салып, олар автобусқа от қойып, банкоматтарды сындырды. Акцияға қатысушылар қоғамдық көлікте ақысыз жүруді талап етуде.
Шетелдік БАҚ-тың мәліметіне қарағанда, осыған жауап ретінде полиция көзді жасаурататын газды пайдаланып, кем дегенде 6 адамды құрықтады. Бұл тәртіпсіздіктер Бразилия Президенті Дилма Руссеф Сан-Паулуда қоғамдық көлікті жақсарту бойынша 2,4 млрд. доллар қажет ететін шаралар жайында мәлім еткеннен кейін басталды. Жазда қоғамдық көліктерде жүру құны артқан кезде елдің барлық өңірлерінде наразылық шерулері өткен болатын. Шерушілерді билік тарапының жолақы құнын бұрынғы деңгейге қайтару туралы уәдесі тыныштандыра алған жоқ. Бразилялықтар сонымен қатар жайлаған жемқорлыққа өздерінің наразылықтарын білдіруде. Бұған қоса ашынған топ елдің нашар дамыған коммуналдық инфрақұрылымын және бюджеттік қаржыны мақсатсыз жұмсау мәселелерін сынға алып отыр.