Басылымның мәліметінше, Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) дауылдан зардап шеккен Тупансиретан қаласына құтқару жұмыстарына көмектесу үшін мамандар жіберген.
Ұйымның хабарлауынша, жойқын дауыл тұрғын үйлердің 93 пайызын зақымдаған немесе толық қиратып кеткен. Соның салдарынан 20 мыңға жуық адам үйін тастап шығуға мәжбүр болған.
Табиғи апаттан кейін көптеген отбасы қауіпсіз баспанаға, шұғыл көмекке, сондай-ақ үйлерін жөндеу мен қалпына келтіруге қолдауға мұқтаж. Дауыл электр және су жүйелерінің жұмысына да елеулі кедергі келтірді.
Аурухана ғимараты зақымданғандықтан, науқастар көршілес муниципалитеттердегі медициналық мекемелерге көшірілді. Сонымен қатар мектептер, қарттар үйлері және басқа да әлеуметтік нысандарға зақым келді.
Халықаралық көші-қон ұйымы уақытша баспаналарды басқару, гуманитарлық көмекті үйлестіру, логистика және қажетті заттарды тарату бағыттарында жергілікті билікке қолдау көрсетіп жатыр. Ұйымның мәліметінше, қазір басты міндет – тұрғындарды қауіпсіз баспанамен және негізгі қызметтермен қамтамасыз ету.
Бразилияның Ұлттық метеорология институтының хабарлауынша, дауыл кезінде желдің жылдамдығы секундына 31,7 метрге жеткен. Табиғи апат салдарынан шамамен 8 мың тұрғын үйдің шатыры қираған, зақымданған немесе ұшып кеткен.
Еске салайық, бұған дейін Бразилияның оңтүстігінде желдің жылдамдығы сағатына 114 шақырымға жеткен күшті дауыл болғаны хабарланған еді.