Бразилиядағы президент сайлауы: Лула да Силва мен Болсонару екінші кезеңге өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияда президент сайлауының бірінші кезеңінде кандидаттардың ешқайсысы басым дауыс жинай алмады. Сондықтан сайлаудың екінші кезеңі 25 қазанда өтеді. Бұл туралы елдің Жоғарғы сайлау соты жариялаған ресми нәтижелерде хабарланды, деп жазады Синьхуа .

Фото: kentron

Бюллетеньдердің 99 пайыздан астамы саналғаннан кейін Бразилияның Либералдық партиясынан президенттікке кандидат Флавиу Болсонару шамамен 47 пайыз дауыс жинады. Ал қазіргі президент, Еңбекшілер партиясының кандидаты Луис Инасиу Лула да Силва шамамен 45 пайыз дауыспен екінші орынға шықты.

Бразилияның сайлау заңнамасына сәйкес, президенттікке кандидат бірінші кезеңде жеңіске жету үшін жарамды дауыстардың жартысынан көбін жинауы керек. Егер бұл талап орындалмаса, ең көп дауыс алған екі кандидат екінші кезеңге өтеді.

Бірінші кезеңнің нәтижелері жарияланғаннан кейін екі кандидат та жексенбі күні кешке мәлімдеме жасады.

Баспасөз мәслихатында Флавиу Болсонару сайлау нәтижесіне көңілі толатынын айтып, Бразилия мен оның халқына қызмет ету мүмкіндігіне ие болуға үміт білдірді.

— Бразилия өзгерісті қалайды. Маған бразилиялықтарды үкіметімнің басты назарында ұстап, елдің нақты мәселелерін шешуге кірісу үшін мандат қажет, — деді ол.

Сан-Паулуда сөз сөйлеген Луис Инасиу Лула да Силва бірінші кезеңде жеңіске жетемін деп күткенін мойындады. Алайда ол сайлау нәтижесін халықтың берген сабағы деп бағалады.

Ол сайлауалды науқанын экономиканы дамыту және әлеуметтік интеграция мәселелеріне бағыттайтынын айтып, бірінші кезеңде дауыс бермеген азаматтарды екінші кезеңге қатысуға шақырды.

— Екінші кезең өтеді. Енді сынақтың уақыты келді, Бразилияның шынайы бейнесін көрсететін кез жетті, — деді Лула да Силва.

Айта кетейік, осыған дейін Бразилияда президент сайлауы өтіп жатқаны туралы жазған болатынбыз.