Бразилиядағы су тасқыны құрбандарының саны 46 болды
АСТАНА. KAZINFORM – Бразилияда 23 ақпаннан бері жауып жатқан нөсер жауын салдарынан туындаған су тасқыны құрбандарының саны 46-ға жетті, деп хабарлайды Анадолы.
Минас-Жерайс штатының өртке қарсы қызметі хабарлағандай, Жуис-ди-Фора және Уба қалаларын жайлаған су тасқынынан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жүріп жатыр.
Ресми мәлімдемеде мерт болғадар саны 46-ға жеткені, ал 21 адамның із-түзсіз жоғалғаны айтылған.
Жергілікті билік апаттан ең көп зардап шеккен Жуис-ди-Фора қаласында 3 600 тұрғынның қауіптің жоғары болуына байланысты үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, нөсер жаңбыр әлі де жалғасады. Осыған байланысты билік халықты сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.
Штат губернаторы Ромеу Зема жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында зардап шеккендерге гуманитарлық көмекті жедел жеткізу басты міндет екенін айтты. Сондай-ақ ол өңірді қалпына келтіру ісінде орталық билікпен тығыз ынтымақтастыққа дайын.
Өз кезегінде Луис Инасиу Лула да Силва әкімшілігі баспанасыз қалған азаматтарға арналған жаңа көмек пакеті муниципалитеттерге жіберілетінін мәлімдеді.
Осыған дейін Бразилиядағы нөсер жауын салдарынан мерт болғандар саны 30-ға жеткені туралы жаздық.