Бразилиядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 169-ға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Бразилияда нөсер жауын салдарынан болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 169 адамға жетті, тағы 56 адам із-түзсіз жоғалғандар тізімінде. Бұл туралы Анадолы жазды.

Фото: aa.com.tr

Үш апта бұрын елдің оңтүстігіндегі Рио-Гранди-ду-Сул штатында нөсер жаңбыр жауған. Бразилия Азаматтық қорғаныс агенттігінің мәліметінше, 469 ауылда іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

«Бірқатар елді мекенде су деңгейі төмендеп, су желілері қалпына келтіріліп, халық бірте-бірте ауыз суға қол жеткізіп жатыр. 42 тас жолды, көпірді және көшелерді су басқан, оларды қалпына келтіруге уақыт қажет», - делінген хабарламада.

Рио-Гранде-ду-Сул штатының губернаторы Эдуардо Лейте 3 мамырда құтқарушылардың әлі де бірқатар аймаққа жете алмай отырғанын айтты.

«Біз өте ауыр жағдайды бастан кешіріп жатырмыз. Бұл сыни оқиға емес, мемлекет тарихындағы ең жойқын оқиға», – деді ол.

Лейте қайғылы оқиғаның ауқымдылығына байланысты штаттың 180 күнге «табиғи апат жағдайы» жарияланғанын және адамдарды эвакуациялау үшін үлкен жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Бразилияның оңтүстігіндегі климаттық апаттан қаза тапқандар саны 151-ге жеткенін хабарлаған едік.