Петрополисте үш сағат ішінде 29 сантиметрден астам жаңбыр жауып, 80-ге жуық үй қирады. Билік 110-нан астам адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кетті деп мәлімдеді. Рио-де-Жанейродан солтүстікке қарай орналасқан қала танымал туристік орталық саналады.
Бразилия президенті Жаир Болсонару өңірдегі қозғалысты қалпына келтіруге көмектесу үшін федералды қаражат бөлінетінін айтты. Ол, сондай-ақ Twitter-де қайғылы жағдай туралы жазып, жаңбырдан зардап шеккендер үшін дұға етуді ұсынды.
«Жағдай соғыс кезіндегідей... көліктер төңкеріліп, бағаналарға ілініп тұр, аударылып жатыр, кір мен су көп», - деді Рио-де-Жанейро губернаторы Клаудио Кастро.
Петрополис мэриясы үш күндік аза тұту жариялады, өйткені 700-ден астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Олар мектептер мен уақытша баспаналарға көшірілді.
Өрт сөндіру қызметі мен жергілікті азаматтық қорғаныс жасақтары тірі қалғандарды тәулік бойы іздеп жатыр.
Мұндай жауын-шашын Петрополисте соңғы рет 1932 жылы болған.