Бразилиялық компаниялар жаңа баж салығына байланысты АҚШ-қа мұнай жеткізуді тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияда жұмыс істейтін энергетикалық компаниялар АҚШ-тың 50 пайыздық импорттық баж салығын енгізу жөніндегі шешімінен кейін мұнай экспортын уақытша тоқтатты. Бұл туралы Reuters басылымы Бразилия мұнай-газ институтының (IBP) басшысы Роберто Арденгидің мәлімдемесіне сілтеме жасап жазды.
АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптада Бразилиядан келетін жеткізілімдерге жаңа тарифтер енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Құжатта аталған шаралардың АҚШ мүддесіне қатер төндіретін әрекеттерге жауап ретінде қабылданғаны айтылған.
IBP — Бразилияда жұмыс істейтін мұнай-газ секторының ең ірі өкілдерін біріктіретін ұйым. Оның құрамына Petrobras, Shell, TotalEnergies, ExxonMobil және Equinor секілді алпауыт компаниялар кіреді.
Агенттіктің мәліметінше, мұнай — Бразилияның АҚШ нарығына экспорттайтын негізгі тауарларының бірі.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп Бразилиядан келетін импортқа кедендік баж салығын 50%-ға дейін көтергенін жаздық.