Бразилияның экс-президенті Жаир Болсонару үй қамаққа алынды

Фото: indiatoday.in

АСТАНА. KAZINFORM — Бразилия Жоғарғы соты елдің бұрынғы президенті Жаир Болсонаруды үй қамаққа алу туралы шешім қабылдады. Оған әділет жүйесіне қысым жасауға тырысты деген айып тағылып отыр. Бұл туралы DW басылымы хабарлайды.

Болсонару Бразилиа қаласындағы өз үйінде үй қамақта болады. Оған ұялы телефондарды қолдануға тыйым салынған және тек шектеулі адамдар тобымен ғана сөйлесуге рұқсат етілген. Жоғарғы сот судьясы Александр ди Мораес қабылдаған шешім соттың ресми сайтында жарияланды.

Судьяның айтуынша, 3 тамыз күні Болсонару интернет арқылы өз жақтастарына үндеу жасап, әлеуметтік желілерді пайдалануға салынған тыйымды бұзған. Ол бұл әрекетті ұлдарының телефондары арқылы іске асырған. Судья бұл жағдайды әділет жүйесіне қысым көрсету әрекеті ретінде бағалады.

Қазіргі таңда 70 жастағы Болсонаруға 2022 жылғы президент сайлауындағы жеңілістен кейін, қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силваның үкіметін құлатуға бағытталған астыртын әрекетке қатысы бар деген айып тағылып отыр. 2023 жылдың 8 қаңтарында Болсонарудың жақтастары Лула қызметіне кіріскеннен кейін көп ұзамай Конгресс, Жоғарғы сот және президент сарайына басып кірген болатын.

Өз кезегінде Болсонару барлық айыптауларды жоққа шығарып келеді.

19 шілдеде оған электронды білезік тағылып, түнгі уақытта үйде болу және әлеуметтік желілерді қолданбау міндеттелген еді.

Ал 30 шілдеде АҚШ билігі судья Александр ди Мораеске қарсы санкция енгізді. Оны Болсонаруға қатысты саяси қудалауға жол берді деп айыптады.

Бұдан бұрын Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару ел астанасы Бразилияда орналасқан ауруханада ішегіне ота жасатқаны хабарланды.