Bloomberg рейтингісі бойынша оның дәулеті 13 миллиардқа жуық қаржыны құрайды. Бразилияда ол байлығы жөнінен үшінші қатарда тұр. Ал миллиардердің жаһандық тізімінде 59-орында жайғасқан.
Бұған дейін егде әйелдің мұншама қаржысы бар екендігі көпшілікке белгісіз болып келген. Ол жұбайы құрған Camargo Correa фирмасына иелік етеді, ал бұл құрылымның белгілі бір бөлігіне қыздары - Режина, Росана және Рената иелік етеді. Фирманы тәжірибелі әкімшілер басқарады, ал отбасы мүшелері басшылықтың ісіне көбіне араласпайды.
Осы фирманы құрған Себастьян Камаргу 1909 жылы туған. Жасөспірім кезінде ол есек жегілген арбамен құм тасыған көрінеді. 30 жасында екі әріптесімен бірлесіп құрылыс бизнесін бастаған. Өткен ғасырдың ортасында компания темір жол мен оның инфрақұрылымын салу үшін мемлекеттен бірден бірнеше тендерді жеңіп алған. Одан кейін мемлекеттің жаңа астанасы - Бразилианы салуға белсене қатысқан. Камаргу 1994 жылы қайтыс болғаннан кейін де біраз уақыт Бразилияның аздаған миллиардерлерінің ішінде есімі аталып жүрген.
Camargo Correa кәсіпорны бүгінде де мемлекеттік жобалармен айналысады, соның ішінде Рио-де Жанейрода төрт жылдан кейін өтетін Олимпиадалық ойындар нысандарын салуға белсене қатысады. Бұрнағы жылғы президент сайлауында компания екі негізгі үміткерге демеуші болған. Кәсіпорынның еншілес кәсіпорындары әлемнің 20 мемлекетінде жұмыс істейді.
05:05, 24 Тамыз 2012
Бразилияның ең бай әйелі белгілі болды
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Бразилияның ең бай әйелі Дирсе Наварру де Камаргу болып шықты. Ол бүгінде дүниеден өткен атақты магнат Себастьян Камаргудың жесірі. Бұл туралы «Биржевый лидер» басылымы хабарлайды.