Бірде-бір күн тіл үйрету курсына барған емеспін - 15 тілде сөйлейтін қазақ қызы

Фото: Айгерім Оразбектің жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Жақында әлеуметтік желілерде 15 тілде еркін сөйлейтін қазақ қызының видеосы кеңінен тарады. Бейнероликте бір тілден екінші тілге емін-еркін ауысып отырған бойжеткеннің аты-жөні - Айгерім Оразбек. Бір қызығы полиглот ару бұл тілдердің бәрін өз бетінше меңгеріп алыпты. Айгерімнің өзі ғана емес, өмір сүру салты да былайғы жұртқа ұқсамайды. Kazinform агенттігі ерекше кейіпкермен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынады.

— Айгерім, әуелі өзіңізбен жақынырақ танысып алайық. Қазір Түркияда тұратыныңызды білеміз. Негізі қай жақтан боласыз, туған жеріңіз қай жер?

— Қазақстаннан боламын, Алматыда дүниеге келдім. Ұлтым - қазақ.

— Әлеуметтік желіде сіздің 15 тілде еркін сөйлейтініңіз жайлы ақпарат тараған еді. Бұл қаншалықты рас?

— Жалпы білетін тілдерім — қазақ, орыс, ағылшын, неміс, корей, поляк, украин, қырғыз, өзбек, түрік, тай (Таиландтың ресми тілі), дат, итальян, әзербайжан, жапон тілдері. Французша мен арабшаны, сосын дат тілдерін үйреніп жатырмын.

— Мұнша көп тілде сөйлеу екінің бірінің қолынан келмейді. Осы тілдердің бәрін үйренуге не түрткі болды? Оған қанша уақыт жұмсадыңыз?

— Мен ең бірінші үйренген өзге тіл – орыс тілі. Алматыда ағам тұратын, оның көршілерінің қыздары орысша сөйлейтін. Сонда барғанда орысша білмегендіктен түсінісе алмайтынбыз. Солармен ойнау үшін орысша үйрендім. Кейін анамнан мені орыс мектебіне беруін сұрап, орыс сыныбында оқыдым. 8 жасымда түрік сериалын көру үшін түрікше үйрендім. Дәл солай 9 жасымда корейше үйрендім.

— Бала кезден-ақ шет тілдерін оңай меңгеріп ала берген екенсіз. Бұны қалай түсіндірер едіңіз? Еңбек пе? Талант па?

— Тіл үйренуге табиғи бейімім болды деп ойлаймын. Себебі атам қазақ, орыс, неміс тілдерінде сөйлеген. Әжеміздің де шет тілдеріне жақындығы болды. Осы уақытқа дейін маған шет тілін үйрену қатты бір қиын болған емес, қанмен де келген шығар деп ойлаймын. Біреу жақсы билейді, біреу жақсы сурет салады дегендей, Алла Тағала әркімге бір қабілет береді ғой. Маған берілгені сол — тіл үйренуге бейімділік. Тыңдау қабілетім жақсы жетілген. Кез келген тілді әуелі жақсылап тыңдап аламын да, үйреніп кетемін.

Біздің естуімізше, бұл шет тілдердің бәрін ешбір курсқа бармай-ақ өз бетіңізше үйреніп алғансыз. Солай ма?

— Иә, достарым аз болды. Үйде ішім пысатын. Біздің кезімізде интернет жоқ, ондай бір көп ойыншық та жоқ. Қолымызға түскен кітапты оқи береміз. Орысша, қазақша кітаптар бітті, одан соң ағылшынша кітаптарға көштік. Солай-солай үйреніп кеттім.

— Сізді жұрт сыртыңыздан тіл мамандығын бітірген адам деп ойлайтын болар...

— Мен Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында «Кино және ТВ» мамандығы бойынша оқыдым. Онда көптілділер группасы деген болатын, яғни сабақтар түгел ағылшынша өтетін.

— Әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызды шолып шықтық, бірақ онда өзіңіздің көп тілді білетініңізді көрсетуге тырыспайды екенсіз. Мұның сыры неде?

— Мен ЖОО-да жүргенде де ешкімге мұнша тілде сөйлейтінімді айтпайтынмын. Ол бір мақтаншақтық секілді көрінетін. Кездейсоқ видеом тарап кетпегенде көпшілік менің бұл қырымды білмес те еді. Себебі ол жайлы айтуға кішкене ыңғайсызданамын.

Сол TikTok-та тарап кеткен видеоның тарихын айтып берсеңіз? Кім түсірді, қалай көпшілікке жетті?

— Қазір мен Түркиядағы бес жұлдызды қонақүйлердің бірінде ресепшенде қызмет атқарып жатырмын. Аудармашының көмегі керек болғанда, аудармашы да боламын. Жұмыс беруші компания бізден жұмыстың қалай жүріп жатқаны жайлы видеоесеп талап етеді. Біздің жіберген видеоларымызды өздерінің Instagram парақшасына салады. Сол менеджер қыздардың өтінішімен жұмыс барысында бір-екі видео түсірген едім. Солардың кесіп-кесіп жасаған видеосы ғой. Сол сәтте поляк, ағылшын қонақтар келіп қалған еді, сондықтан бірнеше тілде сөйлеуге тура келді. Әріптестерім жақсы шыққан секілді деген соң TikTok-қа сала салғанмын. Таңертең тұрсам 100 мыңнан астам адам қарапты. Соны басқалар Instagram-ға жариялаған. Осылай тарап кетті.

Ояу жүргенде бір тілден екінші тілге өтуге сана жауап береді ғой. Ал ұйықтап жатқанда сана да дамылдайды. Өзге тілде түс көрген кезіңіз болды ма?

— Мен қазір жатақханада тұрамын. Кейде қасымдағы қыздар түн ішінде мені оятып алады. «Айгерім, ояншы, сен немісше өлең айтып жатырсың!», «Кәрісше қонақ қабылдап жатырсың», «Түрікше сөйлеп жатырсың» деп... Өзге тілде түс көрмейді екем, бірақ басқа тілдерде ұйқысырайтынды шығардым.

— Өмірде қай тілде ойланасыз?

— Қай тілде сөйлеп тұрсам, сол тілде ойланып тұрамын. Тек санағанда ғана әуелі іштей қазақша санап аламын.

Әрбір тіл сол халықтың мәдениетін тануға мүмкіндік береді. Әрбір тіл бір-бір мәдениеттің кілті ғой. Әлемдегі сондай қоғамдардан бір әдеттер сіңіре алдыңыз ба? Мәселен, испандықтардың түскі астан кейін міндетті түрде мызғып алатыны секілді, ағылшындардың «5-тің шәйін ішуі» секілді?

— Мен Германияда тұрғанда немістердің бір тәртібі ұнады. Олар сенбі-жексенбі күні үй жинамайды, шаңсорғыш, кіржуғыш қоспайды. Тек демалады. Сол тәртіп маған ұнады. Қазір мен де демалыс күні ешкімнің демалуына кедергі келтірмеуге тырысамын және өзім ол күндерді тек тынығуға арнаймын.

Қай тілді үйренгеннен кейін табысыңыз артты?

— Мен бұған дейін түрлі жұмыстарды істеп көрдім. Студент кезде даяшы да болым, телеарнада да, кино саласында да жұмыс істедім. 25 жасымда әлемнің басқа елдерінде тұрып, жұмыс істеп көрейін деген шешім қабылдадым. 40 жасқа дейін әр елде жарты жыл, бір жылдан тұрып, әлемді аралайын деген жоспарым бар. Келісімшартты толық оқымай қол қойып қойып, Түркияда үш жылдай тұрып қалдым. Бұйыртса, биыл соңғы жылым.

Осы Түркияда алғаш келгенде неміс қонақүйінде аниматор болып жұмыс істедім. Бір жолы ойламаған жерден поляктар көбейіп кетті. Аудармашы шақырып, шаршап кеттік. Содан бір күні менеджеріміз «Кім екі айда поляк тілін үйреніп алады, соның жалақысына 5 мың лира қосып беремін», - деді. Сөйтіп екі айдың ішінде 10 мың лира сыйлықақы алғаным бар.

Фото: Айгерім Оразбектің жеке мұрағатынан

Айта кетейік, 2017 жылғы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің қаулысына сәйкес, Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланады. Бұған дейін Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте атап өтілетін. 5 қыркүйекке ауыстыру себебі — бұл күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.