Министр сапалы білім ең алдымен бала өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінетін ортадан басталатынын атап өтті.
– Құрметті Президент! Сіздің тапсырмаңызбен 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында қауіпсіздік, білім, денсаулық, тәрбие және әлеуметтік қолдау біртұтас саясатқа біріктірілді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, білім беру жүйесінің басты қағидаларының бірі – баланы кез келген мәселесімен жалғыз қалдырмау.
– Сондықтан біз «Адал азамат» тәрбие бағдарламасына ерекше мән бөлеміз. Бағдарламаның негізгі мақсаты – отаншыл, білімпаз, еңбекқор, елге жанашыр және заңға бағынатын адал азамат тәрбиелеу. Осы тұрғыдан жастардың бойында қоғамдық әдепті, жауапкершілік пен өзара құрмет мәдениетін сіңірудің орны ерекше, – деді Оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен педагогтердің Тамыз конференциясының пленарлық отырысы басталды. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам білім саласының қызметкерлері мен еңбек ардагерлері қатысып отыр.
Қазақстанда 2019 жылдан бері 511 жаңа ауыл мектебі салынған.
Елімізде ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығы 5 балға қысқарған.
Сондай-ақ Жаңа Конституция білім беру саласына жаңа міндеттер жүктеп отыр.