Бірдей жұмысты істейтін әйелдердің еркектерден төмен жалақы алуына ешқандай себеп жоқ — Люк Триангл

Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Бірдей жұмысты істейтін әйелдердің еркектерден төмен жалақы алуына ешқандай себеп жоқ. Бұл туралы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы Люк Триангл айтты. 

— Бірнеше күн бұрын Алматыда болсам, қазір Астанадамын. Сіздер 85 мың теңге ең төменгі айлықпен ештеңе істей алмайсыздар. Тіпті, жарты ай өмір сүре алмайсыздар. Ең төменгі айлық өсуі тиіс. Сіздер өмір сүруге жетерліктей айлық берулеріңіз керек. Қазақстан дәл осы үшін күресуі тиіс, — деді ол Қазақстаан Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінде.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта қазба отындарға деген қажеттілік біртіндеп төмендейтіндігін айта келе, еліміздің батысында шоғырланған мұнай-газ секторы жұмысшылары үшін жаңа жұмыс орындарын құруға кеңес берді.

— Аталған өңірде болашақ индустриясын табуларыңыз қажет. Мұнай-газ секторы жұмысшылары үшін жаңа өндірістер қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын құру керек. Климаттық өзгерістерге байланысты ол қызметкерлер жұмыссыз қалатын болса, онда тек Қазақстан ғана емес бүкіл әлемдегі кәсіподақтар проблемаға тап болады, — деді ол.

Мұнан бөлек Люк Триангл Қазақстанға жұмысшыларды әлеуметтік қорғау көлемін арттыруға кеңес беріп, гендерлік теңдік мәселесіне тоқталды.

— Бірдей жұмысты істейтін әйелдердің еркектерден төмен жалақы алуына ешқандай себеп жоқ. Бірдей жұмысқа теңдей жалақы алуы қажет. Осы бағытта жұмыс істеңіздер. Осы бағытта көшбасшы болыңыздар, — деді Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы.

Бұған дейін Қазақстан ХЕҰ-ның ең төменгі жалақыға қатысты конвенциясын ратификациялайтындығын жазған едік.