Брэд Питтің балаларына қатыгездік көрсетуі туралы іс ФБР-дың назарына ілікті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Брэд Питтің өз балаларына қатыгездік көрсетуіне қатысты іс АҚШ Федералдық тергеу бюросының (ФБР) назарына ілікті.

Бұл туралы «РИА Новости» Ассошиэйтед Пресс агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

ФБР өкілі Лора Эмиллер хабарлағандай, ведомство актердің балаларға қатыгездік көрсетуіне қатысты БАҚ-та жарияланған ақпараттар бойынша дербес тергеу жұмыстарын бастау мүмкіндігін қарастырып отыр. Питқа балалары және жары Анджелина Джолимен бірге ұшақпен ұшу кезінде ашуға ерік берді, ауызша және физикалық тұрғыда дөрекілік көрсетті деген айып тағылып отыр.  

Осыған дейін TMZ ақпараттық порталы Питқа қатысты тергеуді Лос-Анджелес полициясы бастағанын хабарлады.

Еске сала кетейік, аптаның ортасында Джоли ажырасу үшін құжаттарын тапсырған. Өз шешімін ол «ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктермен» түсіндірді.  Сондай-ақ, актриса соттан алты баласын өзінің қамқорында қалдыруды сұрады. Бұл ретте, Питқа балаларын көріп тұруға рұқсат беріледі, заң тұрғысында ол  балаларына қамқорлық құқығын сақтап қалады.