Brent маркалы мұнайдың бағасы 75 долларға дейін арзандады

ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Лондонның ICE биржасында сейсенбі күні Астана уақытымен сағат 23:24 шамасындағы сауда-саттықта 2023 жылдың шілдесінде жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың құны 5,16%, яғни әр баррелі 75,3 долларға дейін төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Brent фьючерстері құлдырауын бәсеңдетіп, барреліне 75,52 доллар (-4,89%) деңгейінде болды.

2023 жылдың маусымында жеткізілетін WTI маркалы мұнай фьючерстерінің құны 5,12% арзандады, баррелі - 71,9 доллар.

Еске сала кетейік, кеше Brent мұнайының баррелі халықаралық биржада 79,66 доллардан сатылып жатқанын хабарлаған едік.

Соңғы саудада дүйсенбі күні мұнайдың эталон маркасының құны 79,31 доллар болған.

Айта кетейік, АҚШ Brent маркалы мұнай бағасының 2023 жылға арналған болжамын төмендетті.

Ал ОПЕК+ ұйымына мүше кейбір мемлекеттер мұнай өндіру көлемін өз еркімен азайта бастады.