Brent мұнайы танкерлерге жасалған шабуылдар аясында 100 доллардан жоғары болып тұр

АСТАНА. KAZINFORM - 10 қыркүйек таңертең әлемдік мұнай бағасы жоғары деңгейде қалып отыр. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 100 доллардан жоғары болса, WTI мұнайы кемелерге жасалған жаңа шабуылдар және Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізіліміне қатысты сақталып отырған тәуекелдер аясында әлі қымбаттап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Коллаж: Canva

Агенттік мәліметінше, Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,1%-ға өсіп, барреліне 101,34 доллар болды.

Америкалық West Texas Intermediate (WTI) мұнайының бағасы 0,5%-ға қымбаттап, барреліне 96,55 долларға жетті.

Алдыңғы күні Brent сауда-саттықты барреліне 101,21 доллар деңгейінде аяқтап, 3,4%-ға қымбаттады. WTI бағасы 3,25%-ға өсіп, 96,05 доллар болды. Екі марка үшін де бұл 22 мамырдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Бағаның өсуіне Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі шиеленісуі себеп болды. Иран Ормуз бұғазы маңында он кемеге шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Бұған дейін АҚШ бес ирандық мұнай танкерін жойғанын хабарлаған болатын.

Сарапшылардың бағалауынша, тараптардың өзара соққылары Парсы шығанағынан мұнай жеткізудің ұзақ уақытқа үзілу қаупін арттырады. Қақтығысқа дейін әлемдік мұнай мен газ жеткізілімінің шамамен бестен бір бөлігі өткен Ормуз бұғазы арқылы тасымал көлемі соғысқа дейінгі деңгейден әлі де айтарлықтай төмен.

Бұдан бөлек, АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасы әлемдік қорлардың азаюы және Таяу Шығыстан жеткізілім көлемінің төмендеуі аясында биылғы және келесі жылға арналған мұнай бағасына қатысты болжамын көтерді.

Бұған дейін мұнай бағасы алғаш рет 24 шілдеден бері барреліне 101 доллардан асқаны туралы жаздық.