Brent мұнайының бағасы 110 долларға жақындады

АСТАНА. KAZINFORM- Дүйсенбіде Сауд Арабиясының энергетикалық инфрақұрылымына жасалған жаңа шабуылдар және Таяу Шығыста кеме қатынасына қатысты тәуекелдер аясында әлемдік мұнай бағасы күрт өсті.

Фото: 1prime.ru

Қазіргі уақытта Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне шамамен 109,29 долларға, WTI маркасы 104,26 долларға дейін көтерілді, деп хабарлайды Reuters.

Агенттік мәліметінше, Brent бағасы 4,68 долларға немесе 4,5%-ға, ал америкалық West Texas Intermediate 4,21 долларға немесе 4,2%-ға қымбаттады. Екі марканың да бағасы шамамен 16 аптадағы ең жоғары деңгейге жетіп, сауда күнін 19 мамырдан бергі ең жоғары көрсеткішпен аяқтауы мүмкін.

Мұнай бағасының өсуі Сауд Арабиясындағы нысандар мен өңірдегі кемелерге жасалған жаңа шабуылдардан кейін жеделдеді. Бұған дейінгі соққы Сауд Арабиясының мұнайын Ормуз бұғазын айналып өтіп тасымалдауға мүмкіндік беретін Шығыс–Батыс мұнай құбырын істен шығарған еді. Reuters бағалауынша, оның жұмысының бұзылуы әлемдік мұнай ұсынысының 4%-ына дейін әсер етуі мүмкін.

Мұнай бағасының өсуіне әсер етіп отырған тағы бір фактор – Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелер қозғалысының қысқаруы. Кемелер қозғалысын алдын ала бақылау деректеріне сәйкес, демалыс күндері жүк кемелерінің тәуліктік өту саны бір таңбалы көрсеткішке дейін төмендеген. Ал бұған дейінгі он күндегі орташа көрсеткіш тәулігіне 14 кемені құраған.

Осылайша, жаңа сауда аптасы мұнай бағасының айтарлықтай жедел өсуімен басталды. 14 қыркүйек таңертең Brent барреліне шамамен 107,42 доллардан, WTI 102,78 доллардан саудаланды.

11 қыркүйекте Brent бағасы барреліне 100 доллардан жоғары деңгейде аптаны аяқтап, бірнеше күн ішінде 8%-дан астам қымбаттаған еді.

Сауд Арабиясындағы «Шығыс–Батыс» мұнай құбырының жұмысын тоқтатуы және Таяу Шығыстан мұнай жеткізуге қатысты жаңа тәуекелдер оның жоғары бағасын қолдап отыр. Қазақстан бұл жағдайды пайдаланып, мұнай экспортын арттыра ала ма? Бұл мәселені Kazinform агенттігінің тілшісі зерттеді. Толығырақ агенттік шолуынан оқи аласыз.