Құнды жәдігерді музейге Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова табыстаған.
«Негізі қамал қызыл кірпіштерден қаланған. Немістер отшашармен (огнемет) шабуыл жасап, кірпіштердің барлығы қап-қара болып күйіп кеткен. Қамалдың жертөлесінде Кеңес жауынгерлері соңғы оғы қалғанша күресті. Олардың еске алуы бойынша, қамалда температураның ыстық болғаны соншалық, кірпіштер балқып, жоғарыдан тамшылап ағып тұрды дейді. Сондықтан, бұл кірпіш болашақ ұрпақ үшін өте әсерлі, өте құнды жәдігер болып қалады», - дейді Әскери-тарихи музейдің экскурсоводы, аға лейтенант Дәулет Қадыров.
Музей қызметкерінің айтуынша, қазіргі уақытта Брест қамалы қалпына келтірілген. Онда қазақстандықтардың ерлігі құрметіне арнайы тақта орнату жоспарланып отыр.
Тарихи деректерге сәйкес, Брест қамалын 7 мың сарбаз қорғаған. Соның мыңға жуығы - Қазақстаннан барған жауынгерлер.