Бресттегі турнирде қазақстандық арнайы жасақ ІІ орын иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық арнайы жасақ сарбаздары Беларусьтегі парашют спорты турнирінде жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Брест қаласында Беларусь Республикасы Арнайы операциялар күштерінің бастамасымен ұйымдастырылған халықаралық парашют спорты турнирі өз мәресіне жетті.

Жарысқа ұйымдастырушы елдің үздік командаларымен қатар Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның құрамалары қатысты. Турнирде жалпы саны 32 команда бақ сынады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан атынан жарыста Десанттық-шабуылдау әскерлері, Арнайы операциялар күштері және Арнайы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әйелдер құрамасы қатысты.

Фото: Қорғаныс министрлігі

— Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің командасы ІІ орынды иеленіп, өздерінің жоғары кәсіби шеберлігін, төзімділігі мен жауынгерлік рухын тағы бір мәрте дәлелдеді, — делінген хабарламада.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұдан бұрын қазақстандық арнайы жасақ ақпан айында Дубайдағы халықаралық турнирде топ жарғанын жазғанбыз.