Біреуді білдіртпей түсіру қаупі: Норвегия «ақылды көзілдіріктерге» тыйым салмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Норвегия әлемде алғаш болып бірқатар қоғамдық орында «ақылды көзілдірікті» пайдалануға тыйым салған ел болуы мүмкін. Шектеу мектептер, ауруханалар, сауда орталықтары, саябақтар және басқа да орындарға қатысты болуы ықтимал, деп хабарлайды DW .

Фото: Kazinform/ЖИ

Ел үкіметінің мәліметінше, шектеу саябақтар, жағажайлар, мұражайлар, сауда орталықтары, мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, спорт залдары және бұқаралық іс-шараларға қолданылуы мүмкін.

— Адамдар өздері үйренген, бақылауда болмайтын орындар мен жағдайларда жасырын суретке немесе видеоға түсіріліп қалуы мүмкін деп алаңдайтын қоғамда өмір сүргіміз келмейді, — деді Норвегияның цифрландыру және мемлекеттік басқару министрі Торгейр Микаэльсен.

Заң жобасының бастамашысы — азшылық үкіметін басқарып отырған Еңбек партиясы. Партия құжатты парламент қарауына «мүмкіндігінше тезірек» енгізуді жоспарлап отыр. Заңды қабылдау үшін басқа саяси күштердің қолдауы қажет.

Бұл бастама Еуропада «ақылды көзілдірікті», әсіресе Meta компаниясының құрылғыларын пайдалануға қатысты алаңдаушылық күшейген тұста көтеріліп отыр.

Францияда бұған дейін балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын e-Enfance ұйымы әйелдерді келісімінсіз видеоға түсірудің шамамен 20 жағдайын тіркегенін хабарлаған. Кейбір бейнежазбалар кейін әлеуметтік желілерде жарияланған. Бұл жағдайларға қатысты Париж прокуратурасы тергеу жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Дания мектептерде ұялы телефон қолдануға тегіс тыйым салатынын жазған едік.