Reuters хабарлағандай, ол жәбір көргенін айтып, Норвегияның әділет министрі мен түрме бастығының үстінен шағым түсірген. Жуық арада оның шағымын полиция қарайтын болды.
Брейвиктің қорғаушысы түрме әкімшілігінің тұтқынға қысым көрсетіп, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізбек болғанын айтып отыр. Нақтырақ айтқанда, Брейвик жарты жыл бойы өзін өзге тұтқындардан оқшаулап ұстағанына және жеке басын жиі тексеретініне, сондай-ақ, таза ауамен тыныс алуына мүмкіндік бермегеніне наразылық білдірген.
muslim.kz сайтының жазуынша, бұған қоса, Брейвик өзге біреумен идеология төңірегінде әңгімелесуіне тыйым салынғанын жайып салды. Қорғаушының сөзіне қарағанда, түрме әкімшілігі сөз бостандығына шектеу қойып, заңды белден басқан.
Андерс Брейвик 2011 жылдың шілде айында Осло қаласындағы орталық аудандардың бірінде бомба жарып, жастарға арналған Утойя аралындағы лагерде адамдарға оқ боратқан. Брейвиктің қолынан 77 адам қаза тапқан еді сол кезде. Сот процесінде ол Еуропаны ислам жайлап бара жатқан соң осындай қадамға бардым, деп ақталған. Ол соттың шешімімен ақыл-есі ауысқан адам ретінде 21 жылға бас бостандығын айырылған еді.
Күшейтілген күзет қойылған түрмеде Брейвикке барлық жағдайы жасалған үш бөлме бөлінген. Оның біреуі - жатын бөлмесі болса, екіншісі - кабинет, ал үшіншісі - дене шынықтыру залы.
2012 жылдың қараша айында да ол түрмедегі жағдайды айтып, шағым түсірген болатын. Алайда, оның бұл шағымына ресми жауап қатқан ешкім болмады.