Бүгін Алматыда Д. А. Қонаевты еске алу шарасы барысында «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Д. А. Қонаев мұражайының директоры Тимур Жұманов осылай деді.
Оның айтуынша, өткен ғасырдың 90-шы жылдары жекешелендіру кезінде жеңіл автокөлік жеке қолға өтіп кеткен екен.
«Бұл Қазақстандағы жалғыз көрнекі жеңіл автокөлік. Оны шамамен өткен ғасырдың 70-інші жылдарының басында КСРО Орталық комитетінің бас хатшысы Л. И. Брежнев сол кездегі Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа сыйлаған екен. Өйткені Д. А. Қонаев сол кезеңде Саюси бюроның мүшелігіне өткен. Брежневтің өзі ЗИЛ-117 автокөлігіне ауысқан. Мұндай автокөлік сол кезде басқа кеңестік республика басшыларының бірде-бірінде болмаған. Дінмұхамед Ахметұлы бұл машинамен көбінесе қала ішінде жүрген», - деді Т. Жұманов.
Ол сонымен қатар, бүгінде жеке қолда жүрген тарихи автокөлікті мұражайға алдыруды көздейтіндігін жеткізді.
«Енді бұл автокөлік сол кезде үкіметтің балансында болған ғой. Дінмұхамед Ахметұлы орнынан кеткен соң, ол Орталық Комитеттің арнайы гаражында сақталған. Бірақ кейін, 90-шы жылдары жекешелендіру кезінде жеке қолға өтіп кеткен. Біздің естуімізше, ол қазір Астана жақта жеке қолда жүргенге ұқсайды. Оның бағасы әрине, сұмдық қымбат. Бірақ, сол тарихи автокөлікті біз Д. А. Қонаевтың мұражайына қалайда алдырсақ деген ниетіміз бар. Қазір осыған байланысты іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді Т. Жұманов.
Ал қазір, Д. А. Қонаев тұрған тұрғын үйдің ауласында «Pontiac Grand Prix» автокөлігі қойылған. Бұл, Дінмұхамед Ахметұлының жалғыз және жеке автокөлігі. Оны 1992 жылы алматылық жас бизнесмендер сыйлаған екен.
Айта кетелік, ЗИЛ-114 аз сериямен шығарылған ең жоғары класты кеңестік автомобиль. Шанағы «лимузин» типтес. Барлығы 113 дана шығарылған. Оны зауытта арнайы бригада қолмен жинайтын болған және әрбір қосалқы бөлшегіне шанақтың нөмір басылып отырған.