Брифинг: республика бойынша қылмыс санының көбеюіне қылмыстарды есепке алу және тіркеу тәртібінің қатаңдатылуы әсер етті

АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Республика бойынша қылмыс санының көбеюіне қылмыстарды есепке алу және тіркеу тәртібінің қатаңдатылуы әсер етті.

Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда полиция жұмысының басты қорытындылары кеңес кезеңінен келе жатқан мына екі көрсеткіш бойынша бағаланады: қылмыс деңгейін төмендету және қылмыстарды ашуды арттыру.

«Қалай да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге тырысу кейде полиция қызметкерлерін қылмыстарды және басқа да заң бұзушылықтарды жасыруға итермелейді», дейді Қ. Жұманов.

Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қ. Жұмановтың атап көрсеткеніндей, соған орай ІІМ мен Бас прокуратура полицияда қылмыстарды жасыру практикасын жою және қылмыстар туралы азаматтардың арыздары мен хабарламаларын толық тіркеуді қамтамасыз ету бойынша жүйелі және қатаң жұмыс жүргізуде.

Сондықтан қылмыстарды есепке алу және тіркеу тәртібінің қатаңдатылуы республика бойынша қылмыс санының көбеюіне әкеп соқты. Дегенмен Қазақстанда қылмыстарды ашу басқа шет мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Мәселен, АҚШ-та дамыған техникалық құрал-жабдықтар мен полицейлерге бөлінетін қыруар қаражаттарға қарамастан, қылмыстың ашылу деңгейі 25 пайызды құрап отыр. Біздің елде бұл көрсеткіш 50-60 пайыз шамасында.