БРИКС қатарына тағы алты ел қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін өтіп жатқан 15-ші саммиттің қорытындысы бойынша БРИКС-ке мүше елдер (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка) Йоханнесбург декларациясын қабылдады. Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап жаңа алты мемлекет ұйымға мүше болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Йоханнесбург декларациясы әртүрлі мәселелерді қамтиды. Айта кетерлігі, 15-ші БРИКС саммиті пандемиядан кейін алғаш рет офлайн форматта өтіп отыр.

«Біз өз міндетімізді инклюзивті көпжақтылықты және халықаралық құқықты, соның ішінде БҰҰ жарғыларына енгізілген принциптерді сақтауды қайта жарияладық. Біз әлемдегі қақтығыстардың жалғасуына алаңдаймыз. Біз диалог пен кеңес беру арқылы келіспеушілік пен дау-жанжалды бейбіт жолмен шешу керектігін айтқымыз келеді. Біз қазір жастар үшін баламалы төлем жүйелерін дамытуға және ұлттық валюталарды ілгерілетуге тамаша мүмкіндік екенін атап өттік. БРИКС жаһандық қаржылық архитектураның тұрақтылығы мен оны арттырудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға дайын. Осыған байланысты БРИКС қатысушы мемлекеттер өздерінің қаржы министрлеріне ұлттық валютамен жұмыс істейтін түрлі төлем қаржы құралдары мәселесін қарауды тапсырды. Саммитте адамдар арасындағы байланыстың маңызы және өзара түсіністік, достық пен ынтымақтастықтың артқаны расталды», - деді саммитте Оңтүстік Африка Президенті Кирилл Рамапоза.

Сондай-ақ, ұйымға қатысушы елдер Аргентина, Мысыр, Иран, Эфиопия, БАӘ, Сауд Арабиясын БРИКС-тің толық мүшесі болуға шақырды.

Олардың мүшелігі 2024 жылдан басталады.