Бірыңғай құрылыс порталы пилоттық режимде іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың басында Қазақстанда жоспарлау мен жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі құрылыс объектілерін сүйемелдейтін бірыңғай портал іске қосылады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова айтып берді.
Жаңа платформа қолданыстағы жүйелерді біріктіреді және eGov бірыңғай авторизациясы арқылы әзірлеушілер үшін «бір терезе» қағидатын қамтамасыз етеді.
— Басты мақсат — рәсімдердің қайталануын болдырмау және мерзімдерді қысқарту. Алдағы уақытта жобаларды сараптауды автоматтандыру үшін жасанды интеллект элементтерін пайдалану жоспарлануда, — деп атап өтті вице-министр Конгресс орталықта.
Аталған портал қолданыстағы салалық жүйелерді, мысалы, Қала құрылысы кадастры ақпараттық жүйесін, Сараптама порталын және E-Құрылыс қызметтерін, сондай-ақ құрылысқа қатысты ақпараттық ресурстар мен қызметтерді біріктіреді.
Мысалы республиканың 89 қаласында құрылысқа арналған бастапқы-рұқсат құжаттарын алу бойынша мемлекеттік қызметтер (сәулет-жоспарлау тапсырмасы, инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттар, эскиздік жобаны келісу), құрылыс жобаларын әзірлеу процесін толық цифрландыру, нысанды пайдалануға беру актісін жасау және оған қол қою және басқа да қызметтер бар.
«Бір терезе» қағидаты egov.kz арқылы бірыңғай авторизация енгізу есебінен іске асырылады. Бұл пайдаланушыларға жүйелер арасында қайта тіркелмей-ақ еркін өтуге және қажетті қызметті алу бетіне тікелей шығуға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов әлеуметтік осал топтарға баспана алуда қандай қолдау көрсетілгенін айтып берді.