Бірыңғай мемлекеттік сатып алу платформасына 120 мың қазақстандық жеткізуші тіркелген
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Қазақстандағы мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемі 8,1 трлн теңгеге жетті. Бірыңғай цифрлық платформада нарықтың рекордтық саны – шамамен 18 мың мемлекеттік тапсырыс беруші және 120 мың белсенді жеткізуші тіркелген. Бұл туралы қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жүйені түбегейлі реформалады. Негізгі жетістік – сатып алу рәсімдерінің мерзімін қысқарту және толық автоматтандыру есебінен ашықтықты арттыру. Маңызды жаңашылдықтардың бірі – рейтингтік-балдық жүйе болып отыр. Осы жүйе мен жасанды интеллект элементтерін қолдану нәтижесінде конкурс жеңімпазы енді небәрі 5 күн ішінде анықталады. Бұрын стандартты конкурс кемінде 60 күнге созылатын.
Отандық өндірушілермен жасалатын шарттар сегменті де айтарлықтай өсім көрсетті. Қазақстандық бизнес үшін бірқатар маңызды преференциялар енгізілді: келісімшарт сомасының 50 пайызына дейін міндетті аванс, қаржылық кепілдіктерден босату және айыппұл санкциялары бойынша жеңілдікті шарттар. Нәтижесінде жергілікті тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттар көлемі 23 пайызға артып, 456 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар, реформа қатысушыларға қойылатын талаптарды қатаңдатып, адал емес жеткізушілер үшін сенімді тосқауыл қалыптастырды. Жүйеде бұрынғы заңбұзушылықтар туралы ақпарат автоматты түрде ескеріледі. Бұл іскерлік бедел мен сапа басты өлшемге айналатын жаңа мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
– 2026 жылға бірқатар жаңа міндет қойылып отыр. Біріншіден, рейтингтік-балдық жүйені қолдану аясын кеңейтіп, оны жеткізушіні таңдаудың негізгі тетігіне айналдырамыз. Екіншіден, бүкіл мемлекеттік сектор мен квазимемлекеттік компаниялар үшін ережелерді біріздендіруді аяқтау қажет. Сондай-ақ сатып алу рәсімдеріне бақылауды күшейту міндеті тұр, – деп түйіндеді қаржы вице-министрі.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік сатып алуда алаяқтық схемаларға қалай тосқауыл қойылатыны хабарланды.