Бірыңғай QR жүйесі іске қосылғаннан кейін банктердің бонустары сақтала ма

АСТАНА. KAZINFORM – Бірыңғай QR жүйесі іске қосылғаннан кейін де банктердің бонустық бағдарламалары өзгермейді. Бұл туралы Ұлттық Банк Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков айтты.

Фото: pixabay

Ол бірыңғай QR жүйесі енгізілгеннен кейін де банктердің бонустық бағдарламалары сақталатынын айтты. Жаңа жүйе арқылы клиент өз банкінің қосымшасымен кез келген сауда орнында төлем жасай алады, бұл ретте терминалдың қай банкке тиесілі екені маңызды болмайды.

– Банктердің бонус жүйесіне келсек, ол бұрынғыдай сақталады. Әр банк өзінің бизнес шешіміне қарай бонус мөлшерін көбейтуге, азайтуға немесе жүйеге өзгеріс енгізуге құқылы, – деді спикер.

Сондай-ақ ол төлем кезінде ақша кешігіп түскен немесе қате аударылған жағдайда клиент өз банкіне жүгінуі қажет екенін еске салды.

-Банк мәселені тексеріп, қажет болған жағдайда Ұлттық төлем корпорациясымен және төлемге қатысқан басқа банктермен бірлесіп шешеді. Клиент үшін қызмет көрсету тәртібі өзгермейді, - деді департамент директоры.

Еске салайық, бүгіннен бастап банктердің басым бөлігі бірыңғай QR жүйесін іске қосты.