Британ халқын кедейшілік қамыты қысты
ЛОНДОН. KAZINFORM — Ұлыбритания халқы бірнеше күннен кейін билік партиясын таңдап, дауыс береді. Сайлауалды науқан басталғалы премьер-министр Риши Сунак инфляция деңгейі төмендеп, жағдай жақсарды деуден жалықпай келеді. Бірақ елдегі миллиондаған сайлаушының тұрмыс деңгейі әлі де төмен. Азық-түлік және жарық пен газдың бағасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда аспандап тұр. Ипотекалық несие пайызы еселеніп, пәтер жалдау ақысы да қымбаттап кеткен, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Лондондағы тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.
Доминик Уоттерс жасөспірім қызын жалғыз өзі тәрбиелеп келеді. Мемлекеттен алған жәрдемақысы ішіп-жеміне әрең жетеді.
Толыққанды ас дайындайын десе газ бен электр энергиясының ақысы қалта көтермейді.
Сондықтан жалғызбасты әке қайырымдылық ұйымы берген тамақты қысқа толқынды пешке ысытып, талғажау етіп жүр.
«Балаға жәрдемақы алып, күн көретінім жанымды жегідей жейді. Өмірдің қаталдығынан шаршадым. Біз сияқты отбасы өте көп. Олар әрі қарай қалай әрекет ету керектігін білмейді. Біз, тіпті, бірінші қажеттіліктегі заттарды да ала алмаймыз», — дейді жалғызбасты әке Доминик Уоттерс.
Шенеуніктер болса, құрғақ сандар статистикасын келтіргеннен әрі аса алмай отыр. Олар мамыр айында инфляция деңгейінің мақсатты екі пайызға қайта оралғанын алға тартады.
Билікке Лейбористер партиясы келсе, жағдай басқаша болар еді дейді қаржы министрі.
Мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндердің наразылыққа шыққанын айыптап, басқа да батыл шешімдер қабылдамағанда жағдай қиын болар еді дейді ол.
«Бір жарым жыл бұрын біздегі инфляция деңгейі басқа ірі экономикаларға қарағанда жоғары болды. Бүгін ол төмендеді. Бұл біздің білек сыбана әрекет етуіміздің арқасында жүзеге асты. Салықтар төмендеп жатыр және ипотека арзандайды деп үміттенемін», — деді Ұлыбритания Қаржы министрі Джереми Хант.
Көлеңкелі үкіметтің қаржы министрі және Лейбористер партиясының өкілі Рейчел Ривз инфляция деңгейінің мақсатты көрсеткішке оралғанын құптайды.
Бірақ қарапайым халық қымбатшылық қыспағынан құтыла алмай отыр және өмір сүру құнының дағдарысы алқымнан алды дейді ол.
«Көптеген отбасы және зейнеткер үшін өмір сүру құнының дағдарысы әлі де өткір тұр. Өйткені бұғаусыз кеткен бағаларға тоқтам жоқ. Пәтер жалдау құны, ипотека, азық-түлік ақысы немесе электр энергиясы үшін төлемдер кедейшіліктің қамытын кигендерді қыспаққа алды», — деді Ұлыбритания көлеңкелі үкіметінің Қаржы министрі, Лейбористер партиясының мүшесі Рэйчел Ривз.
Англия банкі болса, инфляцияны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені жетінші рет өзгеріссіз қалдырды.
Бұл — соңғы 16 жылда болмаған ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар қуануға әлі ерте деп есептейді.
«Инфляция осы жылдың соңында аздап көтерілуі мүмкін. Тек келесі жылы ол екі пайызға қайта оралады. Бұл энергия көздерінің қымбаттауымен байланысты құбылыс, ” деді KPMG халықаралық аудит-консалтингтиктік ұйымның бас экономисі Яэль Селфин.
Инфляцияны мақсатты деңгейге жеткізген билік партиясына деген сайлаушылардың сүйіспеншілігі арта ма? Сауалнамаларға сенсек бағаны тұрақтандыра алмаған консерваторларға халық ашулы. Айлығы аздар байлығы көп Риши Сунакқа өкпелі.
«Риши Сунак, сіз басынып бара жатқан бағаны ретке келтірмесеңіз болмайды! Бұл мәселеге жауапты адам қымбатшылықты ауыздықтасын. Біздің азық-түлік сатып алуға шамамыз жоқ. Біз миллионер емеспіз, қарапайым адамбыз. Жалақымыз бұрынғы деңгейде қалды!» деді блогер Фара Шамс.
Пандемиядан соң 2021 жылдың екінші жартысында инфляция батыс экономикаларының көпшілігінде қарқын алды. У
краинадағы жағдайдан кейін жағдай тіпті қиындап, табиғи газ бағасы күрт өсті. Соңғы 3 жылда Ұлыбританияда азық-түлік бағасы шамамен 20 пайызға қымбаттады.
Бұл өз кезегінде өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеліп, сайлаушылардың консерваторларға деген сенімі жоғалды.
Бірақ билікке қай партия келсе де экономиканы қайта қалпына келтіру үшін біраз еңбек және сәттілік қажет дейді сарапшылар.