Әншінің айтуынша, компания оның фотосуретін телевизорлар мен ТВ-приставкалардың қаптамасына рұқсатсыз пайдаланған.
Қазіргі уақытта Дуа Липа Puma, Versace және Yves Saint Laurent сияқты бірнеше ірі брендтермен жұмыс істейді. Бұған дейін ол Apple, Porsche, Chanel компанияларының жарнамасына түскен және жақында Nespresso-ның жаһандық амбассадоры атанған.
Шағым Калифорнияның орталық округі бойынша АҚШ округтік сотына берілді. Арызда Samsung тұтынушылардың назарын аудару және сатылымдарды арттыру үшін әншінің бейнесін бірнеше құрылғыларына орналастырғаны айтылады.
Дуа Липаның өкілдері компания жұлдыздың танымалдығын коммерциялық мақсатта пайдаланды деп санайды. Арызда құрылғылардың қаптамасы әншінің бейнесімен байланысты болатындай етіп жасалғаны және оның танымалдығынан пайда табу мақсатында қолданылғаны көрсетілген.
Сонымен қатар, әншінің тарапынан Samsung авторлық құқықты бұзды, тауар белгісін заңсыз қолданды және оның бейнесін өз пайдасына пайдаланды деп айыпталып отыр. Фотосурет 2024 жылы Austin City Limits Music Festival музыкалық фестивалі кезінде түсірілген. Липа суретке құқық иеленетінін айтады.
Сот құжаттарына сәйкес, әнші өз бейнесінің Samsung өнімдерінде пайда болғанын тек 2025 жылдың жаз айында білген. Әлеуметтік желі қолданушылары компанияның өнімдерін белсенді талқылап, оларды «Дуа Липаның ТВ-приставкасы» деп атап кеткен.
Арызда Instagram пайдаланушыларының пікірлері де келтірілген. Біреу тек әншінің суреті салынғаны үшін телевизор сатып алуға дайын екенін жазса, екіншісі «сатылымды жақсарту үшін тек Дуа Липаның фотосуретін орналастыру жеткілікті» деп пікір білдірген.
Әншінің адвокаттары Samsung бірнеше рет фотосуретті пайдалануды тоқтату талабын елемеді деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Үндістанда музыка даусынан 140 тауық қырылып қалды. Фермер диджейді сотқа берді.