Британдық дипломаттар қазақ тілін үйренеді

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі мыңдаған дипломатиялық қызметкерді жалдауды жоспарлап отыр. Бұл, Лондонның Еуроодақтан шыққаннан кейінгі әлем елдерімен қарым-қатынасты кеңейту ниетімен байланысты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі The Guardian британдық газетіне сілтеме жасап.

Британия СІМ басшысы Джереми Хант сәрсенбі күні баяндама жасап, онда дипломатиялық корпусты кеңейтуге қатысты алдағы жоспарлар туралы мәлімдемек.

Шаралардың бірі ретінде шетел тілдерін меңгерген британдық дипломаттардың санын 500-ден 1 мыңға дейін арттыру қарастырылған.

Форин-офисте оқытылатын тілдердің саны 50-ден 70-ке дейін артады. Оның ішінде бағдарламаға қазақ және қырғыз тілдері қосылған.

Айта кетейік, Ұлыбритания ЕО-дан 2019 жылдың 29 наурызында шығуы тиіс.