Британдық ер азаматтар әйелдерінің есебінен жиі күн көре бастады - сауалнама қорытындысы
деп хабарлайды The Telegraph басылымы.
Aviva сақтандыру компаниясы жүргізген зерттеудің нәтижесі көрсетіп отырғандай, қазіргі таңда бала-шағасы бар ер азаматтардың 6 пайызы «үйде отырып, бала бағуға» ниеттеніп отыр. Бұл 600 мыңдай адам, ал осыдан 10 жыл бұрын ондай еркектердің саны тек 60 мың ғана болатын. Респонденттердің тағы 18 пайызы, бала бағу міндетін әйелдерімен теңдей атқаратынын айтқан.
Еркектер «үй шаруасымен айналысу» туралы шешімдеріне, жұбайларының өздерінен әлдеқайда жоғары жалақы алатындығы басты себеп болып отырған көрінеді. Қазіргі таңда кішкентай балалары бар британдық отбасылардың 16 пайызында әйелдер «негізгі табыс табушы» болып табылады.
Бір айта кетерлігі, әйелдердің өздері «отбасы асыраушысының» ролі ауырлау екенін айтып отыр. Атап айтқанда, олардың 37 пайызы, балаларын қалдырып, жұмысқа кетіп бара жатқанда, өздерін кінәлі сезінетіндерін мойындаса, тағы 15 пайызы - отағасының жұмыс істемейтініне ренішті. Тағы 9 пайызы, үйде отырып, бала бағу үшін, ер азаматтармен орын ауыстырғылары келетіндерін айтқан.
Есесіне, ер азаматтар мұндай жағдайға риза сияқты. Олардың 75 пайызы, бала-шағамен көбірек уақыт өткізе алатындарына бақытты екенін айтса, 29 пайызы - жұмыстан гөрі, үй шаруасынан ләззат алатындарын айтқан. Тек 10 пайызы ғана жағдайдың бұлай болуы олардың азаматтық намыстарына тиетінін айтса, 17 пайызы әйелдеріне қарағанда, көбірек табыс тапқылары келетінін айтқан.