Британдық Виргин аралдарының компаниясы БТА Банктен кепілсіз $136 млн кредитті қалай алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «БТА Банк» қаражатын ұрлау ісі бойынша бас сот талқылауы барысында 2016 жылы Британдық Виргин аралдарында тіркелген Мұқтар Әблязовтің бақылауындағы «Rimos Ltd» оффшорлық компаниясына байланысты эпизод қаралды.

Осы компания арқылы Әблязов Банк есебінен 136 миллион АҚШ долларынан астам қаражат ұрлаған, - деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Тіркелгеннен кейін «Rimos Ltd» компаниясы бірден «БТА Банк» АҚ-на Мәскеу облысынан жер учаскелерін сатып алу, «Chesterland Invest Corp» компаниясының 10 пайыз акцияларын сатып алу бойынша «Somerset Project Inc» компаниясын қаржыландыру, инвестициялық шығындарды қаржыландыру үшін 136 миллион АҚШ доллары сомасында несие алуға өтінім береді», - деді «БТА Банк» өкілі Талғат Амантай.

Бұдан бұрын сотта бірнеше куәгерлер резидент емес компаниялардың барлық құжаттары осы мақсатта құрылған, Әблязов тікелей бақылаған №6 корпоративтік бизнесті басқару бөлімінде әзірленіп, сақталғанын хабарлады. Бұл ретте Әблязовқа тиесілі оффшорлық компанияға кредитті БТА Банк кепіл мүліксіз берген. «Қаржыландыру кезінде кепілмен қамтамасыз етілген жоқ», - деп атап өті жәбірленуші тарап өкілі.

Алайда барлық белгіленген нормаға қарамастан қылмыстық қоғамдастық мүшелері мен Мұқтар Әблязов аталған компанияға 2009 жылғы желтоқсанға дейінгі мерзімге, 14 пайыз жылдық сыйақы ставкасымен 136 миллион доллар кредит беру туралы шешімді жеке шығарады. Бұл кредит қайтарылмағанын атап өтілді.

Кейіннен белгілі болғандай, «Rimos Ltd» және «Bexley Holding Sarl» компаниялары бір күндік және заңды негізде кредитке беру түрінде Банктің ақшасын ұрлап, шығару мақсатында құрылған.