Британдық жоғары оқу орындарының қазақстандық студенттері Лондонда бас қосты

ЛОНДОН.  Қарашаның  24-і.  ҚазАқпарат /Бэла Құдайбергенова/ - Британдық  жоғары оқу орындарының  қазақстандық студенттері   Қазақстан  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен  болған   «тікелей   желідегі»   диалог  кезінде    белгіленген    перспективаларды  талқылауда.

Лондон  университеті  колледжінің    химиялық инженерия   факультетінің  үшінші курс студенті Айшат  Ерғалиева, тікелей    желі  кезінде Елбасынан   қазақстандық жоғары   оқу орындарының   негізінде  ғылыми-техникалық парктер  құрудың мүмкіндігі   туралы сауал қойған болатын.   Ол  сауалға жауап берген Елбасы,    еліміздің бірқатар институттарында  ондай   базалардың  құрылғанын айта келіп,   жастарды олардың  жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырды.

«Қазақстандық жоғары  оқу  орындарында  құрылып   отырған ғылыми-техникалық  парктерге     байланысты Президентке     үлкен рахмет айтқым  келеді.  Бұл бастама  бізді  ынталандыруда  және  елге  оралған соң,    осында алған білімдерімізді  кәдеге асыра алатындығымызға үміттіміз»,  дейді  Айшат    Ерғалиева.

Ал   Лондонның Корольдік колледжінің   үшінші курс студенті,  болашақ   инженер-механик  Әсел  Әлібекова,     индустриялық-инновациялық   даму    бағдарламасын   жүзеге асыру  туралы Елбасының  идеясын   өте маңызды   және   дер кезінде  қабылданған   шешім деп  санайды. Әселдің пікірінше,  зияткерлік  серпімді   қамтамасыз  ету  үшін,    жүйелі   жұмыс және шетелдік  мамандарды тарту керек,  бірінші кезекте,  жергілікті кадрларды оқыту  үшін.

Ал Вестминстер   университеті  Дипломатия  академиясының    магистранты  Дәурен  Қуанышев болашақ   халықаралық  заңгер. Оның айтуынша,  «Еуропаға  жол»   мемлекеттік    бағдарламасын   жүзеге асыруға және  Қазақстанның   алдағы ЕҚЫҰ-ға төрағалығына жас кадрларды   тарту   жөніндегі Елбасының идеясы  ұнап  отыр. «Жақсы істі бастау  үшін,  ниет,  талпыныс  және  ерік     қажет.  Менің  көзқарасымша,      осы қасиеттердің барлығы  қазір шетелдерде  білім алып жатқан жастарға тән.     Елбасымен  болатын осындай    кездесулердің    біз  үшін маңыздылығын  айтып  өткім келеді»,  дейді Дәурен  Қуанышев.