Британия билігі мыңдаған ауғандықты құпия түрде өз еліне көшірді
АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Корольдікке үкіметтің құпия жүйесі аясында мыңдаған ауған азаматы жеткізілген. Бұл туралы осы мәселе бойынша кез келген ақпаратты жариялауға тыйым салатын сот өкімі 15 шілде күні күшін жойған соң Financial Times (FT) басылымы жазды, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.
Белгілі болғанындай, енді ғана жарияланған құжаттардың ішінде талибтер билік басына келген 2021 жылдың тамызына дейін Лондонмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген 25 мың ауғандықтың жеке мәліметтері 2022 жылдың ақпанында интернетке тарап кеткен.
Ақпаратты Британия қорғаныс министрлігінің қызметкері әдейі таратқан. Қауіпті жағдайда қалған адамдар саны отбасы мүшелерін қоса алғанда, 100 мың адамға жуықтауы ықтимал, деп жазады басылым.
Ұлыбритания билігі ақпараттың тарағанын 2023 жылдың тамызында ғана білген және олар бірден осы адамдарды корольдікке көшіру бағдарламасын іске қосқан.
Financial Times-тің хабарлауынша, Британия биілігі осы уақытта жарияланып кеткен құжатта аты аталған 18,5 мың ауғандықты көшіріп үлгерген. Бұл тізімге қолданыстағы тетік бойынша көшуге рұқсаты бар адамдар да кірді. Ақпараттың тарауына тікелей байланысты 5,5 мың адам көшірілген, тағы 2,4 мың адам көшірілетін болады.
Ұлыбританияның қорғаныс министрі Джон Хили Қауымдар палатасында сөйлеген сөзінде ведомство тарапынан жіберілген осы қателік үшін кешірім сұрады.
Сондай-ақ қателікпен есімдері жарияланып кеткен мыңдаған ауғандық Британия үкіметін сотқа беретінін мәлімдеді.
The Daily Telegraph басылымының жазуынша, ауғандықтарды шұғыл көшіруге жұмсалатын шығын бюджеттегі миллиардтаған шығынды қықартуға ұмтылып отырған Ұлыбритания қаржы министрі Рейчел Ривске қосымша проблема тудырады. Басылымның жазуынша, енді оларға салық мөлшерін көтеруден басқа амал жоқ.
Осыған дейін Ұлыбританияның 14 жылдан кейін Сириямен дипломатиялық қатынастарды қайта орнатқаны туралы жаздық.