Британияда 800 мың жыл бұрынғы адам ізі табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат -Британдық археологттар осыдан шамамен 800 мың - 1 млн. жыл бұрынғы адам аяғының іздерін тапқандығын жария етуде, деп хабарлайды Associated Press.

Табылған іздер Африкадан тысқары аумақта да адамдардың қоныстанғанын білдіретін көне белгі болып табылады. Сонымен бірге Солтүстік Еуропада адамдардың ежелгі дәуірде-ақ пайда болғанын білдіреді.

Британ және Лондон мұражайлары мен Лондон университетінің археологтары адам іздерін Ұлыбританияның шығыс жағалауындағы Хэпписбург қаласынан тауып отыр. Олардың жасы табылған жан-жануарлардың қалдықтарын зерделеудің арқасында белгілі болуда. Іздер кемінде екі бала мен бір ересек еркек адамға тиесілі. Ғалымдардың болжамынша, олар Темза өзенінің сағасында күнделікті жеміне қажетті тамақ іздеумен айналысқан.