Британияда ерлер мен әйелдерге бөлек пойыздар шығару ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыбританияның көлеңкелі министрлер кабинетінің мүшесі Крис Уильмсон ерлер мен әйелдерге бөлек пойыз шығаруды ұсынды, деп жазды Telegraph басылымы.

Оның айтуынша, мұндай шешім әйелдер үшін «қауіпсіз кеңістік» құруға жасалған қадам болар еді. Өйткені, елде соңғы бес жылда пойыздардағы сексуалдық сипаттағы қылмыс түрлері екі есеге артқан.

Басылымның жазуынша, 2016-2017 жылдары британ полициясы 1448 қылмыстық оқиғаны тіркеген.

Ең алғаш мұндай бастаманы 2015 жылғы сайлау науқаны кезінде Лейбористік партия  көшбасшысы Джереми Корбин көтерген болатын. Алайда, жұртшылықтың, сондай-ақ әйел-депутаттар тарапынан айтылған  сыннан кейін бұл жоспар жүзеге асырылмай қалды.