Британияда қазақ қызы ірі мейрамханалардың тапсырысымен нан пісіреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шынар Бақышева - Ұлыбританияның солтүстік-шығыс жағалауында орналасқан Ньюкасл қаласындағы Fresh Artisan Bread Company наубайханасының иегері.

Chroniclelive.co.uk шолушысы Джейн Холл соңғы 12 айда Ньюкаслдағы ірі 20 сауда нүктесін нанмен қамтамасыз етіп келе жатқан Шынардың жетістігі туралы жазды.

«Мен адамдардың нанға деген махаббатын оятуға тырысып жатырмын», - деді Шынар.

Қарағандыда туып-өскен Шынар кезінде  Chevron корпорациясында аудармашы болып жұмыс істеген. Сол кезде ол болашақ күйеуі британдық Расаны кездестірген. Оның өз мамандығы - сәулетші. Қазір олар Алика және Лука атты екі баласымен Ньюкаслда тұрып жатыр.

Ол балаларының арқасында өз наубайханасын ашу туралы ойды жүзеге асырған. Ол барлық клиенттерін нанмен қамтамасыз ету үшін түнгі екіде оянып, жұмыс істейді.

Ол өзінің сүйікті ісімен айналысу үшін кеңседегі жұмысынан қол үзген. «Иә, қазір мен үнемі ұн мен қамырдың ортасындамын! Маған басқа ештеңе керек емес», - дейді ол.

Ұлыбританияға алғаш рет 2005 жылы келген Шынар елдегі нанның сапасына таңғалған. Оның айтуынша, мұнда нандар өнеркәсіптік ауқымда жасалған және түрлі қоспалардан құралған. Қазақстанда бәрі басқаша.

«Ұлыбританияда адамдардың біздің елдегідей дайындамайтындарын түсінбейтінмін. Жартылай дайын өнімді қысқа толқынды пешке салып, жылытып, содан тамақ жасайтындарын түсіне алмаймын. Қазірге дейін түсінбеймін», - деп бөлісті Шынар.

«Қазақстанда нан - өте маңызды. Ол қонақжайлылықтың белгісі», - деп атап өтті ол.

Шынар өз ісін бірден ашпаған. Алғашқыда ол Шотландия мен Ұлыбританияда нан пісіру ісі курсын тәмамдаған. Кейін осы саладағы бірнеше компанияда жұмыс істеген.

«Мен әр тұтынушыға көңіл бөлемін. Клиенттермен үстел басына отырып, барлығын күле отырып талқылағанның өзін ұнатамын», - деді ол.