Британияда миы басының сыртына шыққан сәби дүниеге келдi - ФОТО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Британияда миы бассүйегiнiң сыртына шыққан Фейт Мартин есiмдi нәресте дүниеге келдi.

The Daily mail басылымының хабарлауынша, дәрiгерлер баланың сирек кездесетiн енцифалоцеле атты ауытқушылығына ұшырағанын ана жатырында жатқанда анықтады. Ұрықтың жүйке түтiгi бастапқы даму сатысында ми мен жұлынға дұрыс бөлiнбеген. Мамандар бiрден оның бассүйегiнде тесiк барын және одан мидың бiр бөлiгi сыртқа шығып тұрғанын ата-анасына жеткiзген. Алайда, олар түсiк жасатудан бас тартып, нәрестеге өмiр сыйлауды шештi.

Дәрiгерлер сыртта тұрған миы оның дем алу функциясына жауап беретiн бөлiгi болуы ықтималдығын айтып, ол өлi тууы мүмкiн екендiгiн де айтқан. Дегенмен, британдық әйел сәттi босанды. Жарық дүние есiгiн ашқан сәбидiң басының сыртында 6 сантиметрлiк ми шығып тұрған. Үш айдан соң ол тiптi 21 сантиметрге дейiн өсiп кеттi. Дәрiгерлер сараптама өткiзiп, бассүйегiнiң сыртына шыққан ми жасушалары өлi екендiгiн анықтады. Сондықтан оны хирургиялық жолмен алып тастады.