Жаңа ережелер 2015 жылы мамырда өтетін сайлауда консерваторлар жеңіске жеткен жағдайда енгізіледі деп болжануда, деп хабарлады Пресс Ассошиэйшн агенттігі. Оған сәйкес Еуроодаққа кірмейтін мемлекеттерден келген студенттер оқуын тәмамдаған соң бірден елден кетуге мәжбүр болады.
Қазіргі уақытта студенттердің басым бөлігі оқуын бітіргеннен кейін аз ғана күндердің ішінде визасын жұмыс визасына қайта рәсімдеп алады. Бұл үшін оларға Біріккен Корольдіктен кетудің қажеті жоқ. Кейбіреулері ресми көші-қон органдарына бармай-ақ, елде заңсыз да жүре береді.
Пресс Ассошиэйшн деректеріне сай, елдің ІІМ басшысы Тереза Мэй иммиграция бойынша статистика жарияланған соң осындай қатаң шараға көшті. Бұл мәліметтерге сәйкес, 2013 жылдың маусым айынан 2014 жылдың маусымына дейін елге келген шетелдіктердің саны 260 мың адамды құраған.
Айта кетеу керек, қазіргі премьер-консерватор Дэвид Кэмеронның сайлау алдында берген уәделерінің бірі 2015 жылға қарай иммигранттардың елге келу көрсеткішін «жылына 100 мың адамнан кем» деңгейіне дейін жеткізу болатын.