British Council мен QAA бастамасымен жоғары білім сапасына ортақ стандарттар әзірленбек

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы астанада өтіп жатқан Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі X Орталық Азия халықаралық форумында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов айтты.

Фото: primeminister.kz

Вице-министр Қазақстанда шетелдік университеттер мен бірлескен білім беру бағдарламалары көбейіп келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай бағдарламалардың сапасына ортақ талаптар қажет.

— British Council мен QAA бастамасымен Қазақстандағы жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің негізгі стандарттарын әзірлейтін жұмыс тобын құру жоспарланып отыр. Алғашқы нәтижелерді 2027 жылы қаңтарда өтетін Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің форумында көреміз деп жоспарлап отырмыз, — деді Талғат Ешенқұлов.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 32 шетелдік жоғары оқу орны түрлі форматта жұмыс істеп жатыр.