British Council және Kcell ағылшын тілін оқып-үйренуге арналған мобильді қызметті іске қосты

АЛМАТЫ. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда British Council және GSM Қазақстан/Kcell компаниясы British Council материалдарын пайдаланумен барлық Kcell абоненттеріне ағылшын тілін SMS арқылы үйренуге мүмкіндік беретін «Күн тіркесі» мобильді қызметін ұсынды.

Қызметке жазылу арқылы күн сайын апта бойына пайдаланушылар орыс және қазақ тілдеріне аударылған ағылшын тіліндегі бір сөзді және сол сөзді мысал ретінде қолданылған тіркесті алып тұратын болады. Апта аяғында пайдаланушылардың барлығы сөздер бойынша тексеру тестісін алады. Әр жазылушы өзіне лайық: бастапқы, орташа немесе тереңдетілген деңгейді таңдай алады.

«British Council үшін Қазақстандағы үш тілді саясатты жүзеге асыру мақсатында GSM Қазақстан/Kcell компаниясымен бірлесіп ағылшын тілін үйренуге арналған мобильді сервисті енгізу үлкен абырой. Ағылшын тілі мәдениетаралық қатынас құралы ретінде зор маңызға ие болып келеді және біз Қазақстанның барлық тұрғындарына ағылшын тілін British Council жасап шығарған материалдарды және Kcell ұсынған мобильді технологияларды пайдалана отырып үйрену мүмкіндігін беруге қуаныштымыз», - деп атап өтті Қазақстандағы British Council директоры Лина Милошевич.

«Күн тіркесі» мобильді сервисі бүкіл әлем бойынша пайдаланушыларға British Council оқу ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік беру мақсатында мобильді телефондар мен смартфондар арқылы ағылшын тілін үйренуге арналған British Council өнімдерінің бірі болып табылады.

«Біз осындай қызықты инновациялық жобаның серіктесі болуға қуаныштымыз. SMS сервисі - бұл абоненттер арасындағы дауыстық емес ең танымал қызмет, жаңа сервистің қарапайымдығы мен ыңғайлылығы клиенттерімізге ұнайтынына үміттенеміз. Бүгін Қазақстан тұрғындарының жартысы дерлік біздің компанияның абоненттері болып табылады. Сондықтан біз «Күн тіркесі» сервисінің қазақстандықтардың ағылшын тілін белсенді үйренулеріне себін тигізетіне сенімдіміз», - дейді GSM Қазақстан/Kcell корпоративтік коммуникациялар бөлімінің директоры Аида Досаева.

«Күн тіркесі» қызметіне 1515 нөміріне "easy", "medium" немесе "hard" сөзі бар хабарлама жолдау арқылы қосылуға болады. Осыдан кейін абонентке сервис құны мен көрсету тәртібі туралы ақпарат беріліп, жазылу ұсынылады. «Жазылу» пәрменін басу арқылы абонент күніне бір рет хабарлама алатын болады. Әр хабарламада үш тілде үйрену үшін тіркес немесе сөз беріледі. Апта аяғында абонент өтілген материалды тексеру үшін хабарлама алады. Алынған хабарламаның құны 7 теңге.