Брижит Бардо қоры елордадағы иесіз жануарларға арналған баспанаға грант бөлді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Иесіз жануарларға арналған елордадағы «Я живой» баспанасына танымал француз актрисасы Брижит Бардо қоры атынан грант бөлінді. Бұл туралы Instagram-да «Я живой» баспанасының басшысы Елизавета Липисей жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Оның сөзіне қарағанда, биыл тамыз айында Брижит Бардо қоры ынтымақтастық мүмкіндігі мен демеушілік көмек беру туралы хат жолдаған. Үш ай бойы келіссөздер жүргізіліп, қаржылық қызмет пен жануарларды асырап алуға қатысты есеп тапсырылған.

Аталған көмек бұл нысандағы маңызды проблемаларды шешуге бөлініп отыр. Осы орайда жануарларға арналған асхана салу, жануарларды тасымалдау көлігін сатып алу, шағын клиника үшін ғимаратқа жөндеу жүргізу және басқа да жұмыстар іске асырылады.

Елизавета Липисейдің айтуынша, жүктелген міндеттемелерді орындауға бір жыл уақыт беріледі. Барлық талаптар уақтылы орындалса, ынтымақтастық байланыстарын жалғастыру қарастырылады.

Таяу арада ғимараттағы ветеринарлық клиника бойынша жұмыстар аяқталмақ. Бұл орайда тиісті операциялар осында жасалады.

Клиника алдағы уақытта қаржылық тұрғыда жануарлар баспанасын ішінара қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады. Бұл ретте өзге де ұйымдарға жеңілдікпен ветеринарлық қызметтер көрсетілмек. Яғни барлық профилактикалық іс-шаралар, вакциналау, зиянкестерге қарсы өңдеу, жануларды емдеу ескерілген.