Бірқатар елордалық құтқарушы мамыр мерекелеріне орай баспаналы болды

АСТАНА. KAZINFORM – ТЖМ басшысы елордада құтқарушыларға пәтер кілттерін табыс етті. Іс-шара Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов құтқарушыларға пәтер кілттерін табыс етті.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

- Мемлекет басшысының атынан азаматтарымыздың қауіпсіздігі жолындағы кәсібиліктеріңіз, ерліктеріңіз бен күнделікті еңбектеріңіз үшін ризашылық және құрмет белгісі ретінде сіздер пәтер кілттерін алып жатырсыздар. Мемлекет азаматтық қорғау жүйесінің әрбір қызметкерінің үлесін жоғары бағалайды, құтқарушылар мен олардың отбасыларын қолдау жұмыстарын жалғастырады. Құтқарушылар алдағы уақытта да өз міндеттерін абыроймен атқара беретініне сенімдімін, – деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.

Фото ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Өнеркәсіптік қауіпсіздік және мемлекеттік материалдық резервтер комитеттерінің, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының, ТЖМ «Қазавиақұтқару» мен Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері пәтер алды.

Бұл бастама азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларға ден қою жүйесінің тұрақты жұмысын атқарып жүрген мамандар еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Осыған дейін ТЖМ құтқарушыларының орманды алапат өрттен қорғап қалғаны туралы жаздық.