Біріккен Ұлттар Ұйымы: хуситтер босатқан ұйымның 12 қызметкері Йеменнен кетті

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар Ұйымы Йемен аумағынан өзінің 12 қызметкері шыққанын ресми түрде хабарлады. Бұл қызметкерлер бұған дейін Санада орналасқан БҰҰ кешенінде хуситтердің қамауында қалған еді. Олар елден БҰҰ Гуманитарлық әуе көлігі қызметі (UNHAS) жүзеге асырған арнайы рейс арқылы ұшып шықты, деп хабарлайды Kazinform WAM агенттігіне сілтеме жасап.

БҰҰ Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде бүгін таратылған ресми меморандумда Санада ұсталғандар арасында болған тағы үш қызметкердің қазіргі уақытта еркін жүріп-тұруға және елден шығуға құқығы бар екені айтылды.

Мәлімдемеде қазіргі таңда 53 БҰҰ қызметкері хуситтер тарапынан еріктен тыс, яғни заңсыз қамауда отырғаны, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық қоғам өкілдерінің және дипломатиялық миссия қызметкерлерінің де ұсталғаны атап өтілді.

Құжатта БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің осы адамдарды дереу және ешқандай шартсыз босатуға шақырған талап-өтініші тағы да расталды. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл мәселені барлық деңгейде мұқият бақылауда ұстайтынын, соның ішінде хуситтермен, мүше мемлекеттермен және тиісті серіктестермен тұрақты түрде байланыс орнатып, барлық ұсталғандардың босатылуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізе беретінін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін йемендік хуситтер БҰҰ-ның 20 қызметкерін тұтқынға алғанын жазғанбыз.

Көп ұзамай хуситтер БҰҰ-ның ұсталған бес қызметкерін босатты.