Бірнеше ел Нипах вирусына байланысты шекаралық қауіпсіздік шараларын күшейтті

Коллаж: Canva / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бірнеше ел Нипах вирусының таралуына байланысты Үндістаннан келетін жолаушыларға бақылауды күшейтті, деп хабарлайды BBC.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдерінен келетін азаматтарға ерекше назар аудара отырып», шекарадағы санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілгенін хабарлаған.

Қырғызстан мен Өзбекстан билігі де шекара бекеттеріндегі медициналық бақылауды күшейтті.

Сейсенбі күні 24.kg ақпарат агенттігі Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап, елде ауруды жұқтыру жағдайы тіркелмегенін хабарлады.

— Үрейленуге негіз жоқ. Елдің денсаулық сақтау жүйесі кез келген ықтимал эпидемиологиялық қауіпкпе жедел ден қоюға дайын, — деп хабарлады Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі.

Агенттік шекарадағы санитарлық бақылау «инфекцияның ықтималдылығын болдырмау үшін» күшейтілгенін растады.

Шекарадағы бақылауды күшейткен Өзбекстан да ауруды жұқтырмағанын хабарлады. Олар «бұл аурудың біздің елге ену ықтималдығы өте төмен» деп сендіреді.

Таиланд Батыс Бенгалиядан рейстер қабылдайтын үш әуежайда жолаушыларды тексере бастады. Непал Катманду әуежайына келгендерді ғана емес, сонымен қатар Үндістанмен шекаралас құрлық арқылы елге кіретіндерді де тексеріп жатыр.

Бұған дейін Үндістанда Нипах вирусына байланысты шұғыл шаралар енгізіліп жатқаны туралы жазған болатынбыз.