Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Маңғыстау облысында «Ақтау машина жасау кешені» ЖШС-нің 101 қызметкеріне 41,8 млн теңге жалақы қарызы толық қайтарылған.
Тексеру барысында кәсіпорынның 2026 жылғы мамыр-маусым айлары үшін еңбекақы төлемегені анықталған. Жұмыс берушіге заңбұзушылықты жою туралы нұсқама беріліп, берешек өтелді.
Осы өңірдегі «Яссы Сервис» ЖШС-де үстеме жұмыс үшін ақы төлеу тәртібі бұзылған. Инспекторлардың араласуынан кейін қызметкерге 290 мың теңге төленді.
Алматыда 64 кәсіпорынның 117 жұмыскеріне жалпы сомасы 162,1 млн теңге жалақы қарызы қайтарылды.
Атап айтқанда, қазан айында жүргізілген тексеру мен сот рәсімдері аяқталғаннан кейін «Тоталь Энерджис Маркетинг Қазақстан» ЖШС қызметкеріне 89 млн теңге берешек төленген.
Ақмола облысында «Tlekei-Agro» ЖШС-нің 27 қызметкеріне 18,1 млн теңгеден астам жалақы қарызы бары анықталды. Жұмыскерлердің ұжымдық өтінішінен кейін жүргізілген тексеру аяқталғанға дейін жұмыс беруші берешекті толық өтеген.
Жамбыл облысында «Sharapat» жекеменшік мектеп-гимназиясының 24 қызметкеріне 2025 жылғы тамыз-қараша айлары үшін 6 млн теңгеден астам жалақы төленбеген. Мемлекеттік еңбек инспекциясының араласуымен бұл қарыз да толық өтелді.
– Мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметкерлерді заңсыз жұмыстан шығару және оларға негізсіз тәртіптік жаза қолдану жағдайларында да еңбеккерлердің құқықтарын қалпына келтіру бағытында тиісті шаралар қабылдап келеді, – деп хабарлады министрлік.
Мәселен, Түркістан облысында еңбек заңнамасын бұза отырып қызметінен босатылған екі мектеп директоры бұрынғы лауазымдарына қайта тағайындалды.
Тексеру барысында кәсіподақ мүшелерін жұмыстан шығару кезінде ұжымдық шартта көзделген кәсіподақ ұйымының келісімі алынбағаны белгілі болды.
Инспекторлар қабылдаған шаралардың нәтижесінде заңбұзушылықтар жойылып, екі директор да қызметіне қайта оралды.
Айта кетейік, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалақы уақытында төленбеген жағдайда қызметкерлер мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдана алатынын түсіндірген еді. Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл төлеуге міндетті.