Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы бүгін Бірінші арна кубогіндегі соңғы ойынын Ресей 25 құрамасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды Kazinform.
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында 14-17 желтоқсан аралығында Бірінші арна кубогі турнирі өткізілуде.
Қазақстандық хоккейшілер қазірге дейін Беларуське 2:6 есебімен жеңілсе, одан кейін Ресейдің ВХЛ жұлдыздары құрамасын 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Аталған турнирде ұлттық құрама капитаны міндетін Никита Михайлис атқаруда. Оған Әділ Бекетаев пен Самат Данияр көмекшілік жасайды.
Еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалым Мәмбетәлиев турнирге 28 хоккейшіні алып барды. Олардың қатарында 3 қақпашы, 25 ойыншы бар.
Олардың негізгі бөлігін елордалық «Барыс» командасының ойыншылары құрайды.
Сондай-ақ, ресейлік клубтардан Валерий Орехов, Никита Михайлис, Максим Мухаметов (барлығы – «Металлург», Ресей), Кирилл Панюков («Амур», Ресей) келді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.